Қазақстан құрамасы шахматтан Азия ұлттары кубогында қола медаль жеңіп алды

Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы БАӘ-нің Абу-Даби қаласында өткен Азия ұлттары кубогында қола жүлдегер атанды.
Жарыстың соңғы, жетінші турында қазақстандық шахматшылар Үндістан құрамасын 2,5:1,5 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы Моңғолияны 3,5:0,5 есебімен ұтып, Қытайдан жеңілгеннен кейін үздік үштікке қайта оралған болатын.
Жеті турдың қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшылар бес жеңіске жетіп, екі рет жеңіліс тапты. Нәтижесінде 10 командалық ұпай жинап, қола медаль иеленді. Ресей құрамасы 13 ұпаймен чемпион атанса, Қытай 11 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан ерлер құрамасы да жарысты жеңіспен аяқтады. Соңғы кездесуде отандастарымыз Моңғолияны 3,5:0,5 есебімен ұтты.
Бұл матчта Алдияр Ансат, Әлішер Сүлейменов және Даниял Сапенов өз партияларында жеңіске жетсе, Жандос Агманов қарсыласымен тең түсті.
Ерлер құрамасы тоғыз турда алты жеңіс, бір тең ойын және екі жеңіліс тіркеп, 13 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.
Ерлер арасындағы жарыста Ресей 16 ұпаймен алтын медаль жеңіп алды. Үндістан 15 ұпаймен екінші, ал дәл осындай ұпай жинаған Қытай үшінші орынға ие болды.
Айта кетейік, классикалық шахматтан Азия ұлттары кубогы 10–17 қараша аралығында өтті. Әйелдер арасындағы турнирге 12, ал ерлер арасындағы жарысқа 20 құрама қатысты.