Басты бет
·
Футбол

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының жаңа маусымында алғаш рет жеңілді

Аружан Талғат··
Фото: Sport.aktuality

Фото: Sport.aktuality

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Джон ван ’т Схип шәкірттері сырт алаңда Словакияға қарсы жақсы ойын көрсеткенімен, матч соңына қарай шешуші голды өткізіп алып, 1:2 есебімен жеңілді.

Словакия құрамасы кездесуді белсенді бастап, 26-минутта есеп ашты. Лео Зауэр алаң иелерінің шабуылын нәтижелі аяқтап, командасын алға шығарды.

Қазақстан құрамасы араға тоғыз минут салып есепті теңестірді. Рамазан Кәрімов айып алаңының сыртынан қуатты соққы жасап, есепті 1:1-ге жеткізді. Командалар үзіліске осы есеппен кетті.

Екінші таймда Словакия қысымды күшейтті. Алайда Қазақстан ұзақ уақыт бойы тең есепті сақтап, жылдам шабуылдар арқылы өз мүмкіндіктерін іздеді.

Кездесудегі барлығы 82-минутта шешілді. Стандартты жағдайдан кейін Давид Ганцко айып алаңындағы таласта жеңіске жетіп, алаң иелерінің екінші голын соқты. Қазақстандықтар бұған жауап бере алмады.

Екі турдан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде бір ұпай бар. Келесі кездесуін команда 2 қазанда Астанада Молдоваға қарсы өткізеді.