Қазақстан құрамасы Венгрияға қарсы өткен жолдастық кездесуде жеңіліс тапты

Фото: ҚФФ
Матч 9 маусымда Дебрецен қаласындағы «Надьердеи» стадионында өтіп, алаң иелерінің 3:1 есебімен жеңісімен аяқталды.
Қазақстан құрамасы ойынды белсенді бастап, 9-минутта есеп ашты. Максим Самородов орындаған бұрыштама добынан кейін қорғаушы Сергей Малый әуедегі допқа бірінші жетіп, баспен дәл соққы жасап, командасын алға шығарды.
Үзіліске дейін Талғат Байсуфинов шәкірттері басымдықты сақтап тұрды. Алайда екінші таймда ойын тізгіні біртіндеп венгриялықтардың қолына өтті. Кездесудің 52-минутында алаң иелерінің көшбасшыларының бірі Доминик Собослаи таразы басын теңестірді.
Матч тағдырын шешкен сәт 63-минутта орын алды. Максим Самородов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бір ойыншыға кем қалған қазақстандықтар қарсылас қысымына төтеп бере алмады. Көп ұзамай Венгрия құрамасы сан басымдығын тиімді пайдаланып, Андраш Шафердің алыстан бағыттаған әсем соққысының арқасында алға шықты.
Қосымша уақытта Раймунд Тот қонақтар қақпасы маңындағы мүмкіндігін мүлт жібермей, матчтың нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 3:1, Венгрия құрамасының пайдасына.
Еске салайық, 6 маусым күні Қазақстан құрамасы Ереванда Армениямен жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең түскен болатын.