Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Әдиев Беларусь клубынан кетті

Фото: Sport5.by
Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Магомед Әдиев Беларусьтің «МЛ Витебск» клубымен арадағы келісімшартын мерзімінен бұрын тоқтатты.
Бұл туралы ресейлік маманның мүддесін қорғайтын «Алетейя» заң компаниясы хабарлады.
«Клуб басшылығының Әдіевке қатысты заңсыз әрі қорлайтын әрекеттері салдарынан тараптар арасындағы еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкін болмады. Клуб бапкерді келісімшартты бұзуға мәжбүрлеу мақсатында оған төзгісіз жұмыс жағдайларын жасап, еңбек міндеттері мен қызметтік өкілеттіктерін өзгертуге тырысты.
Клуб жетекшілерінің Әдіевке көрсеткен әдейі дөрекі әрі қабылдауға келмейтін қарым-қатынасы ресейлік маманның шыдамын тауысты. Жаттықтырушы мен оның өкілі мәселені бейбіт жолмен шешуге және өзара келісімге келуге бірнеше рет талпыныс жасағанымен, ақыр соңында клубпен арадағы келісімшартты мерзімінен бұрын, орынды себеппен тоқтату туралы шешім қабылдауға мәжбүр болды», – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, Магомед Әдіев Қазақстан құрамасын 2022-2024 жылдары жаттықтырды. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама Ұлттар лигасындағы өз тобында жеңіске жетіп, тарихта алғаш рет В дивизионына көтерілді. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы Еуро-2024 турниріне тікелей жолдама алу мүмкіндігін соңғы турға дейін сақтап қалды.