Қазақстан құрамасының экс-бапкері Черчесов «Ахматтың» РПЛ-дегі тең нәтижесіне пікір білдірді

Фото: Getty Images
«Ахмат» Ресей чемпионатының жаңа маусымындағы алғашқы жеңісіне жете алмады.
Грозныйлық команда РПЛ-дің үшінші турында «Факелмен» тең ойнап, матчты 0:0 есебімен аяқтады.
Кездесуден кейін «Ахматтың» бас бапкері Станислав Черчесов екі команданың да гол соғуға мүмкіндігі болғанын атап өтіп, матчтағы қорытынды есепті әділ нәтиже деп бағалады.
«Менің ойымша, тең нәтиже алаңда болған жағдайға сәйкес келеді. Қарсыластың да өз мүмкіндіктері болды, бізде де сәттер кездесті. Сонымен қатар матч соңындағы ең қауіпті эпизодты дәл “Факел” жасады. Ойын жеткілікті деңгейде тартысты өтті, жанкүйерлер де алаңдағы жағдайға белсенді түрде реакция білдірді.
Екі команда да техникалық әрекеттерде де, тактикада да қателікке көп жол берді. Біз Воронежге үш ұпай үшін бардық. Алайда алаң иелерінің қатарынан екі жеңілістен кейін ерекше ынтамен шығатынын түсіндік. Сондықтан матчтың шамамен осындай сценарийде өтетінін болжадық», – деді Черчесов.
«Ахматтың» негізгі құрамында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов тағы да алаңға шықты. Ол 90 минуттың бәрін өткізіп, кездесуге қатысқан жалғыз қазақстандық футболшы болды. Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек қосалқы құрамда қалып, ойынға қатысқан жоқ.
«Факелге» қарсы матч Самородов үшін РПЛ-дің осы маусымындағы үшінші ойыны болды. Ал Кенжебек әзірге бір рет қана алаңға шықты. «Ахматтың» екі қазақстандық футболшысы да осы маусымда әзірге гол немесе нәтижелі паспен көзге түскен жоқ.
Үш турдан кейін грозныйлық клубтың еншісінде екі ұпай бар. Команда РПЛ турнир кестесінде 12-орында орналасқан.
Айта кетейік, Станислав Черчесов бұған дейін Қазақстан құрамасында жұмыс істеген. Ресейлік маман ұлттық құраманы 2024 жылдың маусымынан 2025 жылдың қаңтарына дейін басқарды.