Қазақстан құрамасының ойыншысы ҚХЛ клубындағы мансабын жалғастырады

Бегасыл Амирбай ··
Қазақстан құрамасының ойыншысы ҚХЛ клубындағы мансабын жалғастырады

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Мусоров Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) мансабын жалғастырып, Владивостоктың «Адмирал» клубымен келісімшартқа қол қойды.

23 жастағы форвардтың ауысқаны туралы клубтың баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады. Келісімшарт бір маусымға есептелген.

Мусоров Өскеменнің «Торпедо» клубының түлегі болғанымен, мансабының басым бөлігін «Барыс» жүйесінде өткізді. ҚХЛ-де шабуылшы 75 матчқа қатысып, төрт шайба соқты және бес нәтижелі пас берген.

Өткен маусымда Мусоров Өскеменнің «Торпедосы» сапында өнер көрсетті. Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша команда қола жүлдеге ие болса, шабуылшы клубтағы екінші үздік сұрмерген атанды.

Бұған дейін хоккейші Воскресенскінің «Химик» клубымен бірге Петров кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ ол Қазақстан ұлттық құрамасы сапына тұрақты түрде шақырту алып келеді.

Қазақстан құрамасының ойыншысы ҚХЛ клубындағы мансабын жалғастырады – sport-hub