Басты бет
·
Тарихи дата

Қазақстан құрамасының жеңісі мен Леннокс Льюистің нокауты: 17 қараша – спорт тарихында

Ульяна Калиаскар··
ЖИ

ЖИ

17 қараша спорт тарихында Қазақстан футбол құрамасының маңызды жеңісімен, Мұхаммед Әли мен Леннокс Льюистің жекпе-жектерімен және басқа да айтулы оқиғалармен есте қалды.

Қазақстан

Қазақстан құрамасының Сан-Мариноны жеңуі

2023 жыл – осы күні Қазақстан футбол құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында «Астана Аренада» Сан-Мариноны 3:1 есебімен жеңді.

Қазақстан сапынан Ислам Чесноков дубль жасап (19, 51-минуттар), Абат Айымбетов 90+2-минутта гол соқты. Қонақтар құрамынан Симоне Франчози 60-минутта көзге түсті.

Осы жеңістің арқасында Қазақстан құрамасы H тобында 18 ұпай жинап, Словенияға қарсы шешуші кездесу алдында Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алу мүмкіндігін сақтап қалды.

Әлем

Себастьян Феттельдің АҚШ Гран-приіндегі жеңісі

2013 жыл – германиялық автожарысшы Себастьян Феттель (Red Bull-Renault) «Формула-1» бойынша АҚШ Гран-приінің жеңімпазы атанды.

Екінші орынға француз Ромен Грожан, ал үшінші сатыға аустриялық Марк Уэббер (Red Bull-Renault) жайғасты.

Жарыс АҚШ-та «Формула-1» үшін арнайы салынған алғашқы автодром – «Америка трассасында» өтті.

Макс Ферстаппеннің Бразилиядағы жеңісі

2019 жыл – нидерландтық Макс Ферстаппен (Red Bull-Honda) Сан-Паулудағы «Интерлагос» трассасында өткен Бразилия Гран-приінде топ жарды.

Екінші болып француз Пьер Гасли (Toro Rosso-Honda) мәреге жетсе, үшінші орынды испаниялық Карлос Сайнс (McLaren-Renault) иеленді.

Мұхаммед Әли чемпиондық атағын қорғады

1971 жыл – аты аңызға айналған америкалық боксшы Мұхаммед Әли отандасы Бастер Матисті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.

Техаста өткен жекпе-жекте Әли ауыр салмақта NABF нұсқасы бойынша Солтүстік Америка чемпионы атағын сәтті қорғады.

Пит Сампрастың ATP қорытынды турниріндегі алғашқы жеңісі

1991 жыл – америкалық теннисші Пит Сампрас Германияның Франкфурт қаласында өткен ATP Tour World Championships турнирінің чемпионы атанды.

Финалда ол отандасы Джим Курьені 3:6, 7:6 (7:5), 6:3, 6:4 есебімен жеңді.

Сампрас мансабында ATP қорытынды турнирін бес рет жеңіп алған. Ол 1991, 1994, 1996, 1997 және 1999 жылдары чемпион атанды.

Леннокс Льюистің тарихи нокауты

2001 жыл – британиялық боксшы Леннокс Льюис америкалық Хасим Рахманмен қарымта кездесуде жеңіске жетті.

Лас-Вегаста өткен жекпе-жекте Льюис қарсыласын төртінші раундта нокаутқа түсірді.

Осылайша ол ауыр салмақта WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атақтарын қайтарып алды.

Жорж Сен-Пьердің мінез көрсеткен жеңісі

2012 жыл – канадалық аралас жекпе-жек шебері Жорж Сен-Пьер Монреальда өткен UFC 154 турнирінде америкалық Карлос Кондитті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.

Үшінші раундта Сен-Пьер нокдаунға түскенімен, есін жиып, жекпе-жекті өз пайдасына аяқтай алды.

Осы жеңістен кейін канадалық спортшы жартылай орта салмақтағы негізгі және уақытша чемпиондық белбеулерді біріктіріп, UFC-дің абсолютті чемпионы атанды.

17 қарашадағы әлем тарихындағы оқиғалар

Бұл күні Халықаралық шала туған балалар күні және Халықаралық студенттер күні атап өтіледі.

1967 жыл – британдық әйгілі The Beatles рок-тобы «Magical Mystery Tour» альбомының студиялық жұмысын аяқтады. Бұл туынды топ шығармашылығындағы психоделикалық музыканың жарқын үлгілерінің бірі саналады. Альбомдағы әндер «Сиқырлы құпия сапар» фильмінде пайдаланылды.

2008 жыл – АҚШ-та «Сумерки» фильмінің премьерасы өтті.

Бұл күні дүниеге келген спортшылар

1930 жыл – Боб Матиас, америкалық жеңіл атлет және саясаткер. 1948 жылғы Лондон және 1952 жылғы Хельсинки Олимпиадасының екі дүркін чемпионы.

1997 жыл – Иэн Гэрри, ирландиялық аралас жекпе-жек шебері. UFC ұйымының жартылай орта салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Берілген мәлімет бойынша өз дивизионының рейтингінде екінші орында тұр.