Қазақстан таеквондодан Пәкістандағы World Taekwondo Президент кубогінде екі алтын медаль жеңіп алды

ҚР ДШжС комитеті
Қазақстанның таеквондодан ұлттық құрамасы Пәкістанның Лахор қаласында өткен G-3 санатындағы World Taekwondo дәстүрлі Президент кубогінде екі алтын медаль иеленді.
Назым Махмұтова 73 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанды. Жартылай финалда қазақстандық спортшы Оңтүстік Корея өкілі Ох Сенгюді 2:0 есебімен жеңсе, шешуші кездесуде Сауд Арабиясының спортшысы Сабер Дунья Бушуайбтан басым түсті.
Қазақстан қоржынына тағы бір алтынды 87 келіге дейінгі салмақта Батырхан Төлеғали салды. Финалда ол Өзбекстан өкілі Ёдгорбек Джурабоевтан мықты болды. Турнир барысында қазақстандық таеквондошы Оңтүстік Корея, Таиланд және Өзбекстан спортшыларын да жеңді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы жарысты екі алтын және үш қола медальмен, жалпы бес жүлдемен аяқтады.
Турнирге әлемнің 49 елінен 427 спортшы қатысты.