Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Қазақстан Түркі тау шаңғысы курорттары одағына төрағалық етті

Аружан Талғат··
Фото: Shymbulak курортының коммуникациялар департаменті

Фото: Shymbulak курортының коммуникациялар департаменті

Қазақстан Түркі тау шаңғысы курорттары одағына ресми түрде төрағалықты қабылдады. Мұндай шешім Өзбекстандағы Amirsoy курортында Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен өткен ұйымның екінші саммитінде қабылданды.

Одақ жарғысына сәйкес, төрағалық құқығы Әзербайжаннан Қазақстанға өтті. Алдағы екі жыл ішінде ұйымды Shymbulak тау курортының бас директоры Ринат Абдрахманов басқарады.

Жаңа төраға Одақ мүшелеріне көрсетілген сенім үшін алғыс айтып, бұл кезең елдер арасындағы әріптестікті нығайтудағы маңызды кезең болатынын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі назар бірлескен жобаларға, курорттар арасындағы тәжірибе алмасуға және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерде тау туризмін дамытуға аударылады.

Саммит «Шыңдардан өркендеуге: түркі мемлекеттеріндегі тау және тау шаңғысы курорттарын бірлесіп дамыту және оларды жаһандық туризмге ықпалдастыру» ұранымен өтті. Форум жұмысына жетекші курорттардың басшылары, сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркияның салалық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Қатысушылар курорттар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірыңғай туристік бағыттарды әзірлеу, таудағы жазғы демалысты дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізу, сала мамандарын даярлау және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелерін талқылады.

Бүгінде Одақ Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркиядағы тоғыз тау және тау шаңғысы курортын біріктіреді. Ұйым 2024 жылдың қыркүйегінде Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен құрылған. Оның басты мақсаты қатысушы елдердің курорттық әлеуетін біріктіріп, түркі өңірінің тау және қысқы туризмдегі халықаралық орталық ретіндегі орнын нығайту.