Қазақстан U18 баскетболшы қыздары Азия чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты

Фото: nbfkz
Бангкокта өтіп жатқан 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатының (B дивизионы) топтық кезеңі жалғасуда. Қазақстан әйелдер құрамасы соңғы матчында Ливан командасынан 59:66 есебімен жеңілді.
Осы нәтижеге қарамастан, қазақстандықтар турнирдің алғашқы кезеңіндегі басты міндетін орындады. Алдыңғы кездесулердегі екі жеңістің арқасында команда жеткілікті ұпай жинап, В тобында екінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Ливанмен ойынға дейін Қазақстан құрамасы Самоаны 88:59 есебімен сенімді түрде жеңсе, кейін Кук аралдары командасын 73:48 есебімен ірі жеңіліске ұшыратқан еді. Бұл нәтижелер плей-оффқа мерзімінен бұрын шығуға мүмкіндік берді.
Енді Қазақстан құрамасын ширек финал күтіп тұр. Команда жартылай финалға шығу үшін күресін жалғастырып, турнирдің басты жүлдесіне үміткер болуға тырысады.
Айта кетейік, B дивизионының жеңімпазы келесі маусымда Азияның ең мықты жасөспірім құрамалары бақ сынайтын А дивизионында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.