Қазақстан Ұлттық падел федерациясы өңірлермен ынтымақтастықты нығайтуда

Айбар Рысдаулет ··
Қазақстан Ұлттық падел федерациясы өңірлермен ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстанның Ұлттық падел федерациясы еліміздің өңірлерінде падел спортын дамыту бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда.

Жұмыс сапары аясында Федерация өкілдері Ақтөбе және Ақтау қалаларына барып, падел орталықтарын салу жобаларын жүзеге асырып жатқан жергілікті кәсіпкерлермен кездесулер өткізді.

Сапардың негізгі мақсаты өңірлік бастамалармен танысу, аймақтарда паделді дамыту перспективаларын талқылау, сондай-ақ Федерацияның қызметі мен негізгі бағыттарын таныстыру болды. Кездесулер барысында тараптар халық арасында паделді насихаттау, жарыстар ұйымдастыру және жаттықтырушыларды даярлау мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар, Федерация өкілдері өңірлік бастамаларды қолдау шаралары туралы айтып, Қазақстанда паделді дамыту үшін кәсіпкерлер қауымдастығымен тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Ақтау қаласында кәсіпкер Ғабит Ерпановпен кездесу өтті. Ол Garden Court жобасын жүзеге асыруда. Бұл қала орталығында орналасқан, төрт ашық падел корты бар заманауи спорт кешені. Кешеннің ашылуы осы жылдың жаз айларының соңына дейін жоспарланған.

Ал Ақтөбеде Федерация өкілдері Сәрсенғалиұлы Исатай дамытып жатқан APadel жобасымен танысты. Жоба екі падел орталығын салуды көздейді. Біріншісі төрт жабық корттан тұратын орталық, оны 2026 жылдың жаз айларының соңына дейін ашу жоспарланған. Екінші орталық келесі жылы іске қосылады, онда жеті жабық және төрт ашық падел корты болады.

«Бүгінде дәл өңірлер Қазақстанда паделдің негізгі даму нүктесіне айналып отыр. Біз падел орталықтарына инвестиция салуға дайын кәсіпкерлер тарапынан жоғары қызығушылықты байқап отырмыз және өз тарапымыздан қажетті әдістемелік, ұйымдастырушылық және сараптамалық қолдау көрсетуге дайынбыз. Осындай серіктестіктің арқасында паделді еліміздің барлық өңір тұрғындары үшін қолжетімді ете аламыз деп сенемін», - деді Федерация президенті Арслан Абулгазин.