Қазақстан жасөспірімдер арасындағы күрестен ӘЧ-де әлемнің үздік бестігіне енді

Аружан Талгат··
Фото: United World Wrestling

Фото: United World Wrestling

Әзербайжан астанасында 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстандық балуандар турнирде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, сегіз медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үздік бес құраманың қатарына енді.

Ұлттық құрама сапынан екі спортшы әлем чемпионы атанды. Еркін күресте 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бақдәулет Ағабек алтын медаль жеңіп алды. Ал грек-рим күресінде 55 келіге дейінгі салмақта Дияр Аманәлі қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан қоржынына тағы бір алтын салды.

Сондай-ақ финалға дейін жеткен Әли Алмас (48 келіге дейін) пен Айша Әбдімәлік (65 келіге дейін) шешуші белдесулерде жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Тағы төрт қазақстандық қола жүлдеге ие болды. Олардың қатарында еркін күрестен Мардан Орынбасар (60 келі) мен Әділет Рысбай (71 келі), грек-рим күресінен Әлинұр Төлеуғали (71 келі), сондай-ақ әйелдер күресінен Инжу Баққожа (46 келі) бар.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Бакуден екі алтын, екі күміс және төрт қола медальмен оралды.

Сәтті нәтиже жалпыкомандалық есепке де әсер етті. Үш стиль бойынша жиынтықта Қазақстан 225 ұпай жинап, әлем чемпионатында бесінші орынды иеленді.

Жалпы есепте Ресей (305 ұпай) бірінші орын алды. Одан кейін АҚШ (294), Үндістан (250) және Иран (231) орналасқан. Қазақстан үздік бестікті түйіндеп, Өзбекстан, Украина, Жапония, Әзербайжан және Түркия құрамаларын артта қалдырды.