Қазақстан зілтемір көтеруден әлем чемпионатында бес жүлде жеңіп алды

Мерей Дінмұхаммедұлы··
olympic.kz

olympic.kz

Қазақстан құрамасы қос сайыс қорытындысында алтын жүлдесіз қалды.

Мысыр елінің Исмаилия қаласында ауыр атлетикадан әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Қазақстандық спортшылар қос сайыс қорытындысында алтын жүлдеден шет қалды.

Соған қарамастан, жекелеген сайыстарда қазақстандық атлеттер әлем рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жоғары нәтиже тіркелді.

«Жұлқа көтеру» жаттығуында Әлихан Әскербай 161 келіні бағындырып, күміс жүлдегер атанды. Ал «серпе көтеруде» Ерасыл Сәулебеков 199 келіні еңсеріп, алтын медаль иеленді. Бұл сында Әскербай 194 келімен үшінші нәтиже көрсетті.

Қос спортшы да қос сайыс қорытындысы бойынша үздіктер қатарына енді. Ерасыл Сәулебеков 356 келі нәтижемен күміс медаль алса, Әлихан Әскербай 355 келімен қола тұғырға көтерілді.

Бұған дейін 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бейбарыс Ерсейіт жасөспірімдер арасында әлем рекордын жаңартқан еді. Ол жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырды.

Алайда жарыс барысында оның нәтижесін бірнеше қарсыласы жаңартып, қазақстандық спортшы жүлдесіз қалды.