Қазақстанды V Азия Пара ойындарында 150 спортшы таныстырады

Фото: instagram.com/kazparalympics
18-24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында V Азия Пара ойындары өтеді.
Қазақстан атынан құрлықтық кешенді додаға спорттың 12 түрінен 150 спортшы қатысады.
Ұлттық құрама сапына пара волейболдан – 12, пара таеквондодан – 8, пара дзюдодан – 26, пара үстел теннисінен – 12, пара оқ атудан – 12, пара жеңіл атлетикадан – 14, пара садақ атудан – 9, пара жүзуден – 21, арбадағы теннистен – 3, пара пауэрлифтингтен – 15, боччадан – 5, пара велоспорттан – 13 спортшы енді.
Қазақстан құрамасы Азия Пара ойындарында спорттың 1 командалық және 11 жеке түрінен ел намысын қорғайды. Биыл қазақстандық спортшылар арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынайды. Сондай-ақ Қазақстан атынан пара жеңіл атлетикадан зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар тұңғыш рет жарысқа қатысады. Олар жеңіл атлетикадан T20, ал пара үстел теннисінен 11-сыныпта өнер көрсетеді.
Ойындарға дайындық барысында қазақстандық спортшылар 23 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 22 халықаралық турнирге қатысты. Нәтижесінде 63 медаль жеңіп алды.
«Алдағы жарыста спортшыларымыз өздерінің дайындығын толық көрсетіп, жоғары нәтижелер үшін күресетініне сенімдіміз», – деді Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлық орталығының Спорт басқармасының басшысы Қайратбек Сейітбеков.
Қазақстандық спортшылар үшін алғашқы жарыстар 16 қазанда пара үстел теннисінен жекелей сайыстармен басталады. Ойындардың ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоядағы «Мидзухо» жеңіл атлетика стадионында өтеді.
V Азия Пара ойындарына барлығы 45 елден шамамен 4 мың спортшы қатысады. Спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, Қазақстан Азия Пара ойындарына 2010 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында отандық спортшылар 105 медаль жеңіп алды: 20 алтын, 35 күміс және 50 қола.