Қазақстандық ауыр атлет Үндістандағы Азия чемпионатында үздік бестікке енді

Айбар Рысдаулет ··
Фото: ҚР ҰОК

Фото: ҚР ҰОК

Қазақстан құрамасының ауыр атлеті Петр Хребтов Гандинагар (Үндістан) қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында 79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бесінші орын алды.

Қазақстан құрамасы Үндістанның Гандинагар қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатындағы жарыс жолын бастады. Ұлттық құрама сапынан турнирде алғаш болып Петр Хребтов бақ сынады. 79 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық спортшы жарыс қорытындысы бойынша жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады.

Құрлықтық біріншілікке Азияның ең мықты ауыр атлеттері қатысуда. Қазақстан құрамасы үшін бұл турнир — маусымдағы кезекті халықаралық дода. 79 келіге дейінгі салмақта жүлделер үшін негізгі тартыс Солтүстік Корея мен Қытай спортшылары арасында өтті. Қоссайыс қорытындысында дәл осы елдердің өкілдері жүлделі орындарды бөліске салды.

Хребтов екі жаттығу түрін қоса алғанда 335 келіні еңсерді. Жұлқа көтеруде қазақстандық зілтемірші 150 келі көрсетсе, серпе көтеруде 185 келіні бағындырды.

Жарыстың жеңімпазы Солтүстік Корея өкілі Ри Рён Хён атанды. Ол жалпы саны 364 келі (158+206) көтерді. Екінші орынды тағы бір солтүстіккореялық спортшы Ри Чон Сон иеленді — 358 келі. Ал қытайлық Лу Найган 345 келі (157+188) нәтижемен қола жүлдеге қол жеткізді.

Азия чемпионаты 15 мамыр күні жалғасын табады. Бұл күні 88 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын Александр Уваров пен Әлібек Рахымберді қорғайды. Ұлттық құрама үшін бұл құрлықтық турнирде жоғары орындарға таласуға тағы бір мүмкіндік болмақ.

Қазақстандық ауыр атлет Үндістандағы Азия чемпионатында үздік бестікке енді – sport-hub