Қазақстандық балуандар Әбіл мен Узембаев U23 Азия чемпионатының алтыны үшін күреседі

Фото: qazsport
Қазақстан құрамасының еркін күрес шеберлері Ерхан Әбіл мен Абылайхан Узембаев Вьетнамның Дананг қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатының финалына шықты.
79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен жартылай финалда Ерхан Әбіл вьетнамдық Ван Нгуенді 10:0 есебімен айқын жеңді. Алтын медаль үшін қазақстандық балуан үндістандық Чандермоханмен кездеседі. Үнді спортшысы жартылай финалда өзбекстандық Джарулло Абдуфатоховты 16:6 есебімен жеңді.
86 келіге дейінгі салмақтағы жартылай финалда Абылайхан Узембаев моңғолиялық Билгундалаин Пурегдагваны 6:3 есебімен жеңді. Финалда Узембаев U23 Азия чемпионатының алтын медалі үшін белдеседі.
Күрестен U23 Азия чемпионаты 23-31 мамыр аралығында Дананг қаласында өтіп жатыр.