Қазақстандық балуандар Венгриядағы турнирде алты медаль жеңіп алды

Фото: kazwrestling
Қазақстанның еркін күрес құрамасы Венгрияның Будапешт қаласында өтіп жатқан рейтингтік турнирдің алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша алты медаль еншіледі.
Қазақстан құрамасына жалғыз алтын медальді 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Асыл Айтақын сыйлады. Финалда ол түркиялық Толга Өзбекті жеңді. Осы салмақта Әділет Әлмұхамедов қола жүлдеге ие болды.
74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов күміс медаль жеңіп алды. Финалдық белдесуде ол қытайлық Фэн Луға жол берді. Ал 57 келіге дейінгі салмақта Нұрданат Айтанов пен Мейрамбек Қартбай, сондай-ақ 65 келіге дейінгі салмақта Начын Куулар қола жүлдегер атанды.
16 шілде күні 79, 92, 97 және 125 келіге дейінгі салмақ дәрежелеріндегі балуандар бозкілемге шығады. Сонымен қатар әйелдер құрамасының спортшылары да жүлделер үшін бәсекені бастайды.