Қазақстандық екі хоккейші Польша клубының ірі жеңісіне үлес қосты

«Торунь» ХК
Қазақстандық шабуылшы Вячеслав Колесников Польша чемпионатының тұрақты маусымындағы матчта шайба соқты. Оның «Торунь» командасы өз алаңында «Краковияны» 7:1 есебімен ойсырата жеңді.
Кездесу 23 қазанда өтті. Колесников матчтағы есепті ашып, командасының нәтижелі ойынына бастау берді. Кейін алаң иелері қарсылас қақпасына тағы алты шайба соқты.
Жеңіске қазақстандық қақпашы Роман Калмыков та үлес қосты. Ол матч бойы қақпаны қорғап, қарсыластың 21 соққысының 20-сын қайтарды. Нәтижесінде бір ғана шайба жіберіп алды.
26 жастағы Колесников үшін бұл Польша чемпионатындағы осы маусымдағы төртінші гол болды. Ол 13 кездесуде 10 (4+6) ұпай жинаған.
Ірі жеңістен кейін «Торунь» 13 матчта 29 ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Көш бастап тұрған «Тыхы» клубынан небәрі бір ұпайға қалып келеді.
Айта кетейік, қазақстандық хоккейшілер осы маусымда «Краковияға» қарсы өткен тағы бір кездесуде де командасына жеңіс сыйлауға көмектескен. Қыркүйек айында «Торунь» сырт алаңда қарсыласын 5:3 есебімен ұтты. Сол матчта Колесников нәтижелі пас берсе, Калмыков 34 соққыны қайтарды.
«Торунь» келесі кездесуін 25 қазанда сырт алаңда «Санок» командасына қарсы өткізеді.