Қазақстандық гимнаст Ташкенттегі турнирде жеңіске жетті

Фото: Getty Images
Қазақстан құрамасының гимнастшысы Эвелина Ежова Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Challenge Cup кезеңінің жеңімпазы атанды.
Қазақстандық спортшы бөрене жаттығуында алтын медаль жеңіп алды. Финалда оның өнері 12,850 ұпайға бағаланды. Екінші орынды 12,650 ұпаймен хорватиялық Тина Зельчич иеленді. Ал қола медаль өзбекстандық Дилдора Ариповаға бұйырды — 12,450.
Сондай-ақ жарыс күнінде Дияс Тойшыбек кермедегі жаттығуда екінші нәтиже көрсетіп, күміс жүлдегер атанды. Командаға тағы бір медальді Алтынхан Темірбек әкелді. Ол тіреп секіруде үшінші орынға ие болды.
Осылайша Қазақстан құрамасының еншісінде турнирдің бес медалі бар. Бұған дейін Эмиль Ахмеджанов еркін жаттығуда алтын медаль жеңіп алса, Дияс Тойшыбек ат снарядындағы жаттығуда қола жүлдегер атанған еді.