Қазақстандық киберспортшы eChampions League турниріндегі үздік 30 ойыншының қатарына енді

ФОТО: ҚФФ
Қарағандылық «Шахтер» клубының өкілі Данияр Шарабадин Манчестерде өткен eChampions League киберфутбол турнирінде өнер көрсетті.
Тарихтағы алғашқы eKPL маусымының жеңімпазы Данияр «DAN1K» Шарабадин бұл жарысқа қатысқан қазақстандық клубтың алғашқы өкілі атанды. Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық киберспортшы Еуропаның үздік 30 ойыншысының қатарына енді.
eChampions League — Еуропадағы ең ірі киберфутбол турнирлерінің бірі. Жарысқа ұлттық чемпионаттар мен лигалар арқылы іріктеуден өткен үздік ойыншылар қатысады.
Қазақстандық киберспорт үшін eKPL өкілінің осындай деңгейдегі турнирге қатысуы — осы саланың дамуы жолындағы маңызды кезең және елімізді халықаралық аренада танытуға үлкен мүмкіндік болды.
Турнир барысында Данияр Шарабадин алты матч өткізіп, төрт ұпай еншіледі. Қазақстандық ойыншы әзербайжандық «Нефтчи» клубының өкілі YuLite42-ні 5:2 есебімен жеңді. Сондай-ақ ол амстердамдық «Аякс» ойыншысы Chris de Boer-мен өткен матчта тең нәтижеге қол жеткізді. Қалған кездесулер қарсыластардың пайдасына аяқталғанымен, жиналған ұпайлар үздік 30 қатысушының қатарына енуге жеткілікті болды.
Жарыс қорытындысы бойынша қарағандылық «Шахтер» өкілі eChampions League турнирінің турнир кестесінде 29-орынға тұрақтады. Қазақстандық ойыншы үшін бұл осындай деңгейдегі жарысқа алғашқы тәжірибе болды. Бұл нәтиже Данияр Шарабадиннің eChampions League тарихындағы қазақстандық клуб атынан қатысқан алғашқы ойыншы ретінде тарихқа енуіне және Еуропаның мықты киберфутболшылары қатарына берік орнығуға мүмкіндік берді.