Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Таллиндегі турнирде 11-орын алды

Фото: Olympic.kz
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Артур Смағұлов Эстония астанасында өтіп жатқан ISU Challenger сериясындағы Tallinn Trophy 2026 халықаралық турнирінің қысқа бағдарламасында 11-орынға тұрақтады.
Смағұлов өз өнері үшін 61,09 ұпай жинады. Төрешілер қазақстандық спортшының техникалық элементтерін 30,62 ұпайға, ал бағдарламаның компоненттерін 30,47 ұпайға бағалады.
Қазақстанның тағы бір өкілі Никита Кривошеев қысқа бағдарлама басталғанға дейін жарыстан бас тартты.
Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша италиялық Габриэле Франджипани 80,96 ұпаймен көш бастады. Екінші орынға оңтүстіккореялық Хен Гем Ким (79,57 ұпай) жайғасса, үздік үштікті Польша атынан өнер көрсететін Владимир Самойлов (74,35 ұпай) түйіндеді.
Ерлер 19 қарашада еркін бағдарламада өнер көрсетеді. Екі бағдарламаның жиынтық нәтижесі бойынша турнир жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталады.
Айта кетейік, Tallinn Trophy 2026 халықаралық турнирі 16–22 қараша аралығында Таллиндегі «Тондираба» мұз аренасында өтіп жатыр.
Жарыс ISU Challenger сериясының 2026/27 жылғы маусымына кіреді. Турнирде ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанау, спорттық жұптар және мұздағы би бойынша жүлделер сарапқа салынады.