Қазақстандық қыздар күрестен жастар арасындағы әлем чемпионатында медальсіз қалды

Фото: UWW
Қазақстан әйелдер құрамасы Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан U20 әлем чемпионатында жүлдеге іліне алмады.
Қазақстандық балуандар он салмақ дәрежесінің барлығында сынға түсті. Алайда олардың ешқайсысы жүлдегерлер қатарына қосыла алмады. Медальға ең жақын болғандар 53 келіге дейінгі салмақтағы Динара Дауылқызы мен 68 келіге дейінгі салмақтағы Ұлдана Тлеухан. Екі спортшы да қола медаль үшін белдесуге дейін жеткенімен, шешуші кездесулерде қарсыластарына жол берді.
Командалық медаль есебінде бірінші орынды Жапония құрамасы иеленді. Жапон балуандарының еншісінде бес алтын және бір күміс медаль бар. Екінші орында бір алтын, үш күміс және екі қола жүлде жеңіп алған Үндістан құрамасы. Үшінші орынға бір алтын, бір күміс және бес қола медаль иеленген Қытай құрамасы жайғасты.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатындағы жарысын жүлдесіз аяқтады. Дегенмен Дауылқызы мен Тлеухан қола жүлдеге бір қадам қалғанда тоқтады.