Қазақстандық самбошы Көшпенділер ойындарында алтын медаль жеңіп алды

Фото: Есенов Қайсар
Қазақстандық самбошы Сапар Болат Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алтын медаль иеленді.
Қазақстан өкілі 98 келіден жоғары салмақта жарыс жеңімпазы атанды. Шешуші белдесулерде Болат қарсыластарынан басым түсіп, ұлттық құрама қоржынына алтын жүлде салды.
Айта кетейік, Сапар Болаттың халықаралық жарыстарда өнер көрсету тәжірибесі бар. 2024 жылы қазақстандық спортшы спорттық самбодан 98 келіге дейінгі салмақта Азия және Мұхит чемпионатында жеңімпаз атанған. Самбо Көшпенділер ойындарының бағдарламасына екінші рет енгізіліп отыр.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Ашылу салтанаты Бішкекте ұйымдастырылса, негізгі жарыстар Ыстықкөл облысының спорт нысандарында өтіп жатыр.