Қазақстандық семсершілер Мароккодағы әлем кубогын жеңіп алды

Қазақстанның ерлер құрамасы Марокконың Касабланка қаласында өткен семсерлесуден әлем кубогының командалық жарысында жеңімпаз атанды.
Финалда Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павловтан құралған Қазақстан құрамасы Ресей спортшыларын 45:40 есебімен жеңді. Осылайша, қазақстандық семсершілер 2026/27 жылғы халықаралық маусымды алтын медальмен бастады.
Қазақстан құрамасы финалға дейін тағы төрт жеңіске жетті. 1/16 финалда Түркияны 45:20 есебімен ойсырата ұтса, 1/8 финалда Гонконг құрамасынан 45:28 есебімен басым түсті. Ширек финалда Мысырды 45:40 есебімен жеңсе, жартылай финалда Франциядан 45:39 есебімен басым болды.
Ерлер мен әйелдер арасындағы семсерлесуден әлем кубогы Касабланкада 15-18 қазан аралығында өтті.
Айта кетейік, Мароккодағы жеңіс Қазақстанның ерлер семсерлесу құрамасының соңғы айлардағы жарқын жетістіктерінің жалғасы болды. Соңғы төрт айда команда Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында, Гонконгтағы әлем чемпионатында және Нагоядағы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған еді.