Қазақстандық тоғыз боксшы Азия чемпионатының финалына шықты

Фото: kazboxing
Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстанның бірден тоғыз өкілі финалға жолдама алды.
Жартылай финалдық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы тоғыз алтын медаль жеңіп алу мүмкіндігін сақтап қалды.
Азия чемпионы атағы үшін Адиль Асканбай (50 кг дейін), Ақжүрек Қалабай (65 кг дейін), Камила Оспанова (70 кг дейін), Бибарыс Аширбай (70 кг дейін), Айдана Убайдуллақызы (80 кг дейін), Тимур Тайбеков (80 кг дейін), Руслан Ахметов (85 кг дейін), Зарина Толыбай (80 кг жоғары) және Владислав Саможонов (90 кг жоғары) бақ сынайды.
Ал Мадира Жұмақан (48 кг дейін), Едіге Нұрғожа (55 кг дейін), Ақнұр Тұрсынғали (57 кг дейін), Айсұлу Мұхит (65 кг дейін) және Жалғас Өтебеков (90 кг дейін) турнирдің қола жүлдегерлері атанды.
Еске сала кетейік, 19 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты 3–16 шілде аралығында Джакартада өтуде. Жарысқа 26 елден 400-ден астам боксшы қатысуда, ал Қазақстан құрамасының сапында 39 спортшы бар. U19 жас санатындағы финалдық жекпе-жектер 15–16 шілдеде өтеді.