Қазақстандық үш жауынгер 2026 жылғы Азия ойындарында жартылай финалға шықты

Фото: ҚР ҰОК
Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында аралас жекпе-жектен Қазақстан құрамасының үш өкілі жартылай финалға шықты.
Үшеуі де 20 қыркүйекте өткен жарыстың ширек финалдық кезеңінен сәтті өтті.
71 келіге дейінгі салмақта modern бағдарламасында Қадырбек Шынбаев Бахрейн өкілі Құрбан Идрисовты жеңді.
65 келіге дейінгі traditional санатында Санжар Әділов ирандық Афшин Салими Тупгардан басым түсті. Қазақстан құрамасына тағы бір жеңісті 77 келіге дейінгі traditional санатында өнер көрсеткен Еркінғали Бүркіталин әкелді. Ол Оңтүстік Корея өкілі Юн Тэёнды жеңді.
Қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтетін жартылай финалдық жекпе-жектер 21 қыркүйекте болады.
Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарындағы қоржынында алты медаль бар. Шосселік велоспорттан Ринат Сұлтанов пен Алексей Луценко, каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева алтын медаль жеңіп алды. Триатлоннан Арлан Жанабай және қазіргі бессайыстан Қазақстанның ерлер құрамасы қола жүлдегер атанды.
XX жазғы Азия ойындары Айти–Нагояда 4 қазанға дейін жалғасады.