Қазақстандық жауынгер Асу Алмабаев ACBJJ лигасының чемпионы атанды

Фото: ACBJJ 22
Қазақстандық жауынгер Асу Алмабаев Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен ACBJJ 22 турнирінде грэпплингтен чемпиондық жекпе-жек өткізді.
60 келіге дейінгі салмақта All-Stars титулы үшін қазақстандық спортшы жеңіліп көрмеген тәжікстандық Халим Назрулоевпен (11:0) кездесті. Жекпе-жек толық тоғыз минутқа созылып, Асу Алмабаев төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Кездесу No-Gi ережесі бойынша, яғни кимоносыз өтті.
Еске салайық, өткен аптада Асу еркін күрестен RAF 12 турниріне қатысып, америкалық Джонни ДиДжулиусқа бір жарым минут ішінде есе жіберген болатын.
Қазақстандық спортшы кәсіпқой ММА-дағы соңғы ресми жекпе-жегін маусым айында Бакуде өткен UFC Fight Night 280 турнирінде өткізді. Сол кездесуде ол америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді.