Басты бет
·
Футбол

Қазақстанның Ұлттар лигасындағы қарсыласы қарашадағы матчтарға құрамын жариялады

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Молдова құрамасы Ұлттар лигасының қараша айындағы кездесулеріне шақырылған футболшылар тізімін жариялады. Бас бапкер Лилиан Попеску Қазақстанға қарсы матчқа дайындық үшін 26 ойыншыны таңдады. Олардың арасында «Қызылжар» қақпашысы Дмитрий Челядник те бар.

Молдова құрамасына 13 елдің чемпионатында өнер көрсететін футболшылар шақырылған. Тізімде жергілікті Суперлига ойыншыларымен қатар, Еуропа және басқа құрлықтардағы клубтардың легионерлері де бар.

Қақпашылар қатарында петропавлдық «Қызылжардың» ойыншысы Дмитрий Челядниктен бөлек, Қырғызстанның «Азия Талас» клубынан Андрей Кожухарь және Тираспольдің «Шериф» командасынан Эмиль Тымбур бар.

Қорғаныс шебіне шетелдік чемпионаттарда тәжірибе жинаған футболшылар шақырылған. Олардың қатарында бельгиялық «Андерлехттен» Олег Рябчук, канадалық «Ванкувер Уайткэпстен» Михаил Герасименков, шотландиялық «Данди Юнайтедтен» Юрие Иову және ағылшындық «Суиндон Тауннан» Штефан Негру бар.

Жартылай қорғауда ресейлік «СКА-Хабаровск» ойыншысы Никита Моцпан, италиялық «Асколи» футболшысы Серджиу Перчун, сондай-ақ «Шериф» сапындағы Данила Форов пен Владимир Фратя өнер көрсетуі мүмкін.

Ал шабуыл шебіне шотландиялық «Килмарноктан» Ники Клещенко, «Петрокубтан» Петру Попеску және «Зимбрудан» Александру Бециу шақырылған.

Молдова – Қазақстан матчы қашан өтеді?

Ұлттар лигасы аясындағы Молдова мен Қазақстан құрамаларының кездесуі 13 қарашада Кишинев қаласындағы «Зимбру» стадионында өтеді.

Матч Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Қазақстан құрамасының турнирлік жағдайы әзірге күрделі. Төрт турдан кейін ұлттық құрама екі ұпай жинап, C3 тобының соңғы орнында тұр.

Молдова мен Фарер аралдарының еншісінде төрт ұпайдан бар. Ал он ұпай жинаған Словакия топ көшін бастап келеді.

Сондықтан алдағы сырт алаңдағы кездесу Қазақстан үшін маңызды болмақ. Жеңіске жеткен жағдайда отандастарымыз қарсыластарымен арадағы ұпай айырмасын қысқартып, турнирлік жағдайын жақсарту мүмкіндігін сақтайды.

Еске салайық, 16 қарашада Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі соңғы матчын Астанада Словакияға қарсы өткізеді.

Қазақстанның Ұлттар лигасындағы қарсыласы қарашадағы матчтарға құрамын жариялады – sport-hub