Қазақстанның жас футболшылары УЕФА турнирінде Сербиядан жеңілді

Бекарыс Әлімхан··
ҚФФ

ҚФФ

Қазақстанның 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы УЕФА даму турнирінде Сербия құрамасына 2:3 есебімен есе жіберді.

УЕФА даму турнирі. 2-тур

Сербия U15 – Қазақстан U15 – 3:2

Голдар: Туфегджич 61, Нешкович 64, Шинка 65 – Тян 7, Тұрсын 29

Кездесу Стара-Пазова қаласында өтті. 7-минутта Артём Тян алыстан дәл соққы жасап, Қазақстан құрамасын алға шығарды. 29-минутта Абылай Тұрсын допты қақпаның алыс бұрышына бағыттап, есепті 2:0-ге жеткізді.

Екінші таймда Сербия құрамасы камбэк жасап, бес минуттың ішінде үш гол соқты. 61-минутта Огнен Туфегджич пенальтиді сәтті орындаса, 64-минутта Андрия Нешкович өзіне қарай ұшып келген допты акробатикалық әдіспен соғып, есепті теңестірді. Арада бір минут өткенде Вук Шинка алыстан дәл соққы жасап, алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

Бұл Қазақстан құрамасының турнирдегі екінші жеңілісі болды. Алғашқы матчта қазақстандық футболшылар Түркиядан 0:2 есебімен ұтылған. Соңғы кездесуін Қазақстан құрамасы 19 қыркүйекте Ресейге қарсы өткізеді.