ҚФФ футбол алаңында қақпа құлап, бала зардап шекті

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ҚФФ

Фото: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) 10 тамызда Астанадағы федерацияға тиесілі футбол алаңында болған оқиғадан кейін ішкі тексеру жұмыстарын бастады. Жаттығу кезінде футбол қақпасы баланың үстіне құлап кеткен.

Оқиғадан кейін зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. ҚФФ медициналық мекемемен байланыста болып, баланың жағдайын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Футбол алаңын федерация жеке футбол мектебіне жалға берген. Аталған мектеп сол жерде жаттығу өткізген.

Қазіргі уақытта ҚФФ оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ішкі тексеру аясында нысанның және онда орнатылған жабдықтардың техникалық жағдайы да тексеріледі.

Федерация оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті барлық ақпаратты ұсынуға және құзырлы органдарға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.