ҚФФ Қазақстан кубогінің жартылай финалындағы қарымта матчтарға төрешілерді тағайындады

ҚФФ
Қазақстан футбол федерациясының төрешілік және инспекция департаменті Қазақстан кубогі-2026 жартылай финалының қарымта матчтарына қызмет көрсететін төрешілерді тағайындады.
«Алтай» – «Ордабасы» кездесуінің бас төрешісі Руслан Сұлтанғалиев болады. Оған Иван Филатов пен Евгений Кольев көмектеседі. Қосалқы төреші – Нұрсұлтан Әлібеков. VAR жүйесіне Сергей Ноженко жауап берсе, AVAR қызметін Наргис Магау атқарады. Матч инспекторы – Сергей Пасько.
«Жеңіс» – «Қайсар» матчын көкшетаулық Антон Кучма басқарады. Оның көмекшілері – Ринат Якбаров пен Артём Волков. Қосалқы төреші – Жақсылық Сейдахметов. VAR төрешісі – Александр Затула, AVAR – Дмитрий Филоненко. Матч инспекторы қызметін Нұржан Доскеев атқарады.
Екі кездесу де 19 тамызда өтеді. «Алтай» мен «Ордабасы» арасындағы матч 16:30-да, ал «Жеңіс» пен «Қайсар» ойыны 19:30-да басталады.
Еске салайық, жартылай финалдың алғашқы матчтарында «Ордабасы» мен «Қайсар» басымдыққа ие болды. Шымкенттік клуб өз алаңында «Алтайды» 3:1 есебімен жеңсе, қызылордалықтар дәл осындай есеппен «Жеңісті» ұтты.
Екі матчтың қорытындысы бойынша басымдыққа ие болған командалар Қазақстан кубогінің финалына жолдама алады. Трофейдің қазіргі иегері – Қостанайдың «Тобылы».