ҚФФ Талғат Байсуфиновтың қызметінен кеткенін ресми түрде жариялады

Темирлан Мажекенов ··
Фото: ҚФФ

Фото: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы Талғат Байсуфиновтың ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын ресми түрде мәлімдеді.

«Қазақстан футбол федерациясы бас бапкердің отставкаға кету туралы өтінішін өкінішпен қабылдап, оның шешіміне құрметпен қарайды.

Талғат Байсуфинов ұлттық құраманы басқарған кезеңде өз қызмет жолындағы ең үздік нәтижелерінің біріне қол жеткізді. Оның ішінде әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгия құрамасымен өз алаңымызда тең түскен матч бар. Оның жетекшілігімен команда өз күшіне деген сенімділігін қайта тауып, ФИФА рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартты.

Ұлттық құраманың бапкерлер штабына қатысты алдағы шешімдер туралы қосымша хабарланады. Құрама алдағы матчтарға дайындықты қалыпты режимде жалғастырып жатыр», – делінген ҚФФ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еске салайық, Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасының тізгінін 2026 жылдың 28 қаңтарында қайта қолға алған болатын. Содан бері ұлттық құрама төрт матч өткізіп, екі жеңіске жетті, бір рет тең ойнап, бір мәрте жеңіліс тапты.

Оның жетекшілігіндегі соңғы кездесу 9 маусым күні Венгрия құрамасына қарсы жолдастық матч болды. Сол ойында Қазақстан сырт алаңда 1:3 есебімен жеңілген еді.