ҚФФ төрешіні қысым көрсету әрекеті туралы ақпараттан кейін өмір бойына шеттетті

Аружан Талғат··
Фото: inform.kz

Фото: inform.kz

Қазақстан футбол федерациясы жекелеген клуб өкілдерінің матчтарда басымдыққа қол жеткізу мақсатында төрешілердің жұмысына ықпал етуге әрекет жасауы мүмкін екені туралы ақпарат таратты. Тиісті мәлімдеме ҚФФ-ның ресми сайтында жарияланды.

Федерацияның мәліметінше, ҚФФ-ға төрешілердің біріне заңсыз ықпал ету әрекеті жасалған болуы мүмкін екені туралы ақпарат түскен. Қолда бар материалдарды зерттегеннен кейін аталған төрешіні футбол жарыстарына қатысудан мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылданған.

Төрешінің аты-жөні әзірге жарияланған жоқ.

Алайда тексеру мұнымен аяқталмайды. ҚФФ төрешілерге ықтимал қысым көрсету, материалдық сыйақы ұсыну және матчтарды өткізуге араласудың өзге де тәсілдері туралы ақпараттарды жинап, талдауды жалғастырады.

Федерация кез келген спорттық нәтижеге ықпал ету әрекетіне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатынын атап өтті. Төрешілерге қысым көрсету, ақша беру немесе ұсыну, сондай-ақ жарыстардың өту барысына кез келген жолмен араласу – оған қатысы болуы мүмкін адамдардың мәртебесіне қарамастан, КФФ тарапынан жол берілмейтін әрекет деп бағаланады.

Келіп түскен барлық ақпарат қосымша тексеріледі. Егер фактілер расталса, федерация Қазақстанның регламенттері мен заңнамасында көзделген шараларды қолдануға, сондай-ақ құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.

Бұдан бөлек, ҚФФ жарыстар нәтижесін бұрмалаудың аса ауыр жағдайлары үшін жауапкершілікті күшейту бойынша жұмыс бастамақ. Атап айтқанда, мұндай заңбұзушылықтарға қатысты қылмыстық-құқықтық жауапкершілікті күшейту мәселесі қарастырылмақ.

Федерация төрешілердің тәуелсіздігі, жарыстардың адалдығы және жанкүйерлердің сенімі Қазақстан футболының негізгі қағидаттары болып қала беретінін атап өтті. ҚФФ матч нәтижесіне футбол алаңынан тыс жерде ықпал етуге бағытталған кез келген әрекеттің жолын кесуге ниетті екенін мәлімдеді.

ҚФФ төрешіні қысым көрсету әрекеті туралы ақпараттан кейін өмір бойына шеттетті – sport-hub