Қонаевта халықаралық ашық суда жүзу фестивалі өтеді

Фото: Oceanman Qazaqstan Almaty
4-5 шілде күндері Қонаев қаласында Oceanman Qazaqstan Almaty Kapchagay 2026 халықаралық ашық суда жүзу фестивалі өтеді.
Жарыс Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында орналасқан Heaven Club демалыс аймағында ұйымдастырылады. Қатысушылар 10 шақырым, 5 шақырым, 2 шақырым қашықтықтарда, сондай-ақ балаларға арналған Oceankids және Inspiration санаттарында бақ сынайды.
Биыл фестиваль өзінің бес жылдығын атап өтеді. Додаға Қазақстаннан және әлемнің тағы 19 елінен 1600-ден астам кәсіпқой спортшы мен әуесқой қатысады. Олардың қатарында Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Португалия, Беларусь, Литва, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Таиланд, Украина, Латвия, Үндістан, Кения, Франция, Ирландия, Ұлыбритания, Нидерланд және Грузия өкілдері бар.
Бағдарлама аясында екі әлеуметтік жоба да жүзеге асырылады. Оған ауылдық елді мекендер мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 220 бала қатысады. Арнайы қонақ ретінде әлемдік Ironman сериясының ресми дауысы Гордон Грэм келіп, жарыстың басталу және мәреге жету рәсімдерін жүргізеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 4 және 5 шілде күндері жарыс бағдарламасы аяқталғаннан кейін өтеді.