ҚПЛ 13-тур қорытындысы: «Ордабасы» көш басын нығайтты, «Ұлытау» топ-5-ке көтерілді, ал «Каспий» төменгі аймақтан шыға алмады

Фото: instagram.com/fc__ordabasy
«Ұлытау» – «Жеңіс» 2:1
Жезқазғандықтар матч соңында жеңісті жұлып алды, алайда бірінші болып гол жіберіп алған еді. Астаналық клуб сапынан 54-минутта Адильо көзге түсті. 10 минуттан кейін Георгий Бугулов таразы басын теңестірді, ал жеңіс голын Ұлытау командасының Премьер-лигадағы дебютанты Бақдәулет Зұлфиқаров (84-минут) соқты. Осы жеңістен кейін «Ұлытау» 22 ұпай жинап, топ-5 қатарына көтерілді. «Жеңіс» 16 ұпаймен 8-орында қалды.
«Астана» – «Ертіс» 2:0
«Астана» өз алаңында павлодарлық «Ертісті» қабылдап, ойын тағдырын бірінші таймда шешті. 36-минутта Виталий Ботнардың автоголының арқасында басымдыққа ие болды, ал 44-минутта Марин Томасов есепті 2:0-ге жеткізді. Осы жеңістен кейін Григорий Бабаян шәкірттері 22 ұпаймен 4-орынға көтерілді, ал павлодарлықтар 14-орында қалды.
«Елімай» – «Ордабасы» 1:3
КПЛ көшбасшысы «Ордабасы» Семейде «Елімаймен» кездесіп, жеңіліссіз сериясын жалғастырды. Шымкенттік команда сапынан Лео Нател (36-минут), Дэвид Абагна (68) және Жасұлан Әмір (85) мергендік танытты. Ал семейліктердің жалғыз голын Евгений Березкин соқты. Осы жеңістен кейін «Ордабасы» чемпионаттағы көшбасшылығын нығайтып, «Қайраттан» 4 ұпайға алға шықты.
«Ақтөбе» – «Алтай» 2:0
Ақтөбе командасы өз алаңында «Алтайды» жеңді. Гол авторлары – Виталий Латурнус пен Иван Ордец. «Қызыл-ақтар» 19 ұпаймен 7-орында қалды, ал Өскемендік команда жағдайын жақсарта алмады.
«Каспий» – «Қайсар» 1:2
Қызылордалық «Қайсар» сырт алаңда «Каспийді» 2:1 есебімен жеңіп, ақтаулық клубтың төменгі аймақтан шығуына мүмкіндік бермеді. Ал өзі 13-орыннан 12-орынға көтерілді.