ҚР Спорт министрлігінде Қазақстанда Олимпиада өткізу үшін қандай шарттар бар екені айтылды

Фото: Gov.kz
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев елімізде қысқы Олимпиада ойындарын өткізу үшін қандай талаптарды орындау қажет екенін айтты.
Оның айтуынша, Қазақстан бұған дейін екі рет Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болған.
«Біз бірнеше рет Олимпиада ойындарын өткізуге өтінім беруге тырыстық. Алғаш рет 2006-2008 жылдары 2014 жылғы Олимпиадаға өтінім тапсырдық, кейін ол жарыс Сочиде өтті. Екінші рет 2022 жылғы Олимпиадаға үміткер болдық. Сол кезде Бейжіңмен бәсекеге түсіп, небәрі екі дауыс айырмасымен қалып қойдық: Бейжің 44 дауыс алса, біз 42 дауыс жинадық. Әрине, болашақта тағы да өтінім беруге мүмкіндік бар. Бірақ бұл үлкен саяси оқиға әрі қомақты қаржылық шығындарды талап етеді. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты қарастыру қажет.
Қазір Президенттің тапсырмасымен Алматы 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды. Бұл, біріншіден, Қазақстандағы қысқы спорт түрлерінің дамуына серпін береді, екіншіден, Алматы қаласындағы инфрақұрылымды жаңартуға мүмкіндік жасайды.
2011 жылы Астана мен Алматыда өткен VII қысқы Азия ойындары бізге үлкен бэкграунд қалыптастырды. Сол кезде көптеген спорт нысандары салынды және қалаға көп қонақ келді. Артынша 2017 жылғы Қысқы Универсиада да өз үлесін қосты. Бізде тәжірибе бар, спорттық нысандар бар, спортшылар бар. Енді осының бәрін одан әрі дамытып, жаңа серпін беру керек. ХОК-пен де тиісті жұмыстар жүргізілуі қажет. Сонымен қатар халықпен де ақылдасу керек: «Бұл бізге қаншалықты қажет?» деген мәселені бірге талқылаған жөн», – деді Жарасбаев Insports басылымына берген сұхбатында.
Еске салайық, бұған дейін Азия Олимпиадалық кеңесі Алматыны 2029 жылғы қысқы Азия ойындарының астанасы ретінде ресми түрде бекіткен еді.