Қуат Хамитов BKFC ұйымынан ұсыныс алды

Фото: kuat__khamitov / Instagram
Қазақстандық ММА ардагері Қуат Хамитов өзіне жаңа форматта күш сынап көруге мүмкіндік алды.
38 жастағы спортшы америкалық Bare Knuckle Fighting Championship (BKFC) промоушенінен ұсыныс түскенін айтты. Бұл ұйым қолғапсыз өтетін кәсіби жекпе-жектер ұйымдастырады.
Хамитовтың сөзінше, қазіргі таңда тараптар ықтимал ынтымақтастықтың шарттарын талқылап жатыр. Егер келіссөздер сәтті аяқталса, қазақстандық файтер 2026 жылдың күзінде жаңа ұйымдағы алғашқы жекпе-жегін өткізуі мүмкін.
«Bare Knuckle FC-де өнер көрсету туралы ұсыныс алдым. Егер шарттар бойынша келіссек, күзде жаңа ұйымдағы алғашқы жекпе-жегіме шығамын», – деді Хамитов.
«Найман» үшін бұл ауысым мансабындағы кезекті жаңа кезең болуы ықтимал. Ол аралас жекпе-жекте 2011 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. FightMatrix статистикасы бойынша, оның есебінде 26 жеңіс, 9 жеңіліс және 1 тең нәтиже бар.
Соңғы жекпе-жегін қазақстандық файтер 2026 жылдың 14 ақпанында өткізді. Ол бразилиялық Алан Силваны төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Соңғы уақытта Хамитов ММА-дан тыс бағытта да бағын сынап жүр. Ол Real American Freestyle күрес лигасының жарыстарына қатысып, Тбилисиде өткен турнирде UFC-дің жеңіл салмақтағы жетекші файтерлерінің бірі Арман Царукянмен кездескен. Белдесу Царукянның 11:0 есебімен жеңісімен аяқталды.
RAF турнирінен кейін Хамитов тағы бір күрес кездесуін өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Қазақстандық спортшы қыркүйекте Мәскеуде өтуі тиіс турнирде UFC-дің бұрынғы уақытша чемпионы Тони Фергюсонмен кездесуді ұсынды.