Құламбаева Гаагадағы ITF W75 турнирінің жартылай финалына шыға алмады

ҚТФ
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Нидерландтың Гаага қаласында өтіп жатқан ITF W75 санатындағы турнирдің жұптық сынындағы өнерін аяқтады.
Жартылай финал жолдамасы сарапқа салынған кездесуде Құламбаева нидерландтық Лиан Транмен жұп құрды. Олардың қарсыластары Италия өкілдері Нурия Бранкаччо мен Федерика Ургеси болды.
Алғашқы сет өте тартысты өтіп, тай-брейкке дейін жалғасты. Шешуші сәтте италиялық жұп басым түсті. Бірінші партиядан кейін бастаманы толық өз қолына алған Бранкаччо мен Ургеси матчты сенімді түрде аяқтап, 7:6, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
ITF W75. Гаага. Жұптық сын
Бранкаччо/Ургеси – Құламбаева/Тран – 7:6, 6:1
Кездесу 1 сағат 22 минутқа созылды. Осылайша, ширек финалдағы жеңіліс қазақстандық-нидерландтық жұптың турнирдегі жорығын аяқтады.
Еске салайық, Гаагадағы ITF W75 турнирі 6–12 шілде аралығында өтуде. Жарыстың жүлде қоры – 60 мың АҚШ доллары.