«Қызылжар» футболшысы Қазақстан құрамасына қарсы ойнайды

Бекарыс Әлімхан··
«Қызылжар» ФК

«Қызылжар» ФК

«Қызылжар» қақпашысы Дмитрий Челядник Молдова құрамасының Ұлттар лигасындағы ойындарына қатысатын футболшылар тізіміне енді. Ол Қазақстан құрамасына қарсы матчта да алаңға шығуы мүмкін.

Молдова құрамасының бас бапкері Лилиан Попеску 25 футболшыны шақырды. Олардың қатарында ұлттық құрама сапында 13 матч өткізген Челядник те бар.

Молдова құрамасы турнирдегі алғашқы матчын 26 қыркүйекте сырт алаңда Словакияға қарсы өткізеді. Одан кейін 29 қыркүйекте Фарер аралдарын қабылдайды. Қазақстанмен кездесу 2 қазанда «Астана Аренада» өтеді. Матч сағат 19:00-де басталады. Ал 6 қазанда Попеску шәкірттері Словакияға қарсы өз алаңында ойнайды.

Қазақстан құрамасы турнирді 26 қыркүйекте сырт алаңда Фарер аралдарына қарсы матчпен бастайды. Үш күннен кейін команда Словакияға қонаққа барады. Топ жеңімпазы тікелей В лигасына жолдама алады, ал екінші орын алған құрама жоғарылау үшін плей-офф кезеңінде бақ сынайды.

Еске салайық, Дмитрий Челядник петропавлдық клуб сапында барлық турнирде 25 матч өткізген. Бұған дейін ол шымкенттік «Ордабасы» командасында да өнер көрсеткен.