Басты бет
·
Футбол

«Қызылжар» ойыншысы Қазақстанға қарсы матч алдында пікір білдірді

Бекарыс Әлімхан··
ҚФФ

ҚФФ

Фарер аралдары құрамасының ойыншысы Йоханнес Бьорталид Ұлттар лигасының төртінші турында Қазақстанға қарсы өтетін матчтан не күтетінін айтты.

Фарерлік футболшы Қазақстан чемпионатын жақсы біледі. Қазіргі маусымда ол Петропавлдың «Қызылжар» клубында өнер көрсетіп жүр. Бьорталид Қазақстан футболшыларының еңбекқорлығын атап өтті.

«Қазір Қазақстан құрамасында өте еңбекқор футболшылар ойнайды. Олар алаңда көп жұмыс істейді. Сондықтан ертеңгі матч өте тартысты өтетініне сенімдімін. Дегенмен, біз мұндай ойынға дайынбыз. Жасанды алаңға келсек, оның да бізге кедергі болмайтынына сенімдімін.

Иә, ертеңгі матч мен үшін ерекше болмақ. Өйткені Қазақстан құрамасына қарсы ойнаймын. Өздеріңіз білетіндей, мен Қазақстанда бір жылға жуық уақыттан бері өнер көрсетіп келемін. Бұл менің кәсіби мансабымдағы жаңа кезең әрі мен үшін өте құнды тәжірибе.

Әрине, мұнда жету оңай болған жоқ. Қазақстан мен Фарер аралдарының арасы 2 мың шақырымнан асады, сондықтан сапар ұзақ уақыт алады. Бірақ жалпы алғанда, бұл мен үшін өте жақсы әрі маңызды тәжірибе», – деді Бьорталид.

Еске салайық, командалар арасындағы осы Ұлттар лигасындағы алғашқы матч 26 қыркүйекте Торсхавнда өтіп, 1:1 есебімен аяқталған.

Қарымта кездесу 6 қазанда «Астана Аренада» өтеді. Үш турдан кейін Фарер аралдары 3 ұпаймен С3 тобында үшінші орында тұр. Ал Қазақстан құрамасы 1 ұпаймен төртінші сатыда келеді.