Басты бет
·
Футбол

«Реал» «Манчестер Юнайтедтің» 16 жастағы талантын сатып алуға жақын

Бекарыс Әлімхан··
Фото: NAOMI BAKER/GETTY IMAGES

Фото: NAOMI BAKER/GETTY IMAGES

Мадридтік «Реал» «Манчестер Юнайтедтің» 16 жастағы шабуылшысы Джей-Джей Габриэльді қатарына қосуға жақын. Испаниялық клуб жас футболшы үшін 360 мың еуро төлеуді жоспарлап отыр.

El Chiringuito басылымының мәліметінше, тараптар трансфердің негізгі шарттарын келісіп қойған.

Аталған қаражат «Манчестер Юнайтедке» футболшыны дайындағаны үшін өтемақы ретінде төленеді. Ал Габриэль мадридтік клубпен үш жылдық келісімшартқа қол қояды.

Трансфер ресми түрде аяқталғаннан кейін жас шабуылшы «Реалдың» резервтік командасы – «Кастильяға» қосылады.

Алайда тіркеуге қатысты қолданыстағы шектеулерге байланысты футболшы жаңа командасы сапында қаңтар айынан ерте өнер көрсете алмайды.

Бұған дейін Габриэль «Манчестер Юнайтед» басшылығына клубтан кеткісі келетінін хабарлаған.

Қыркүйек айында ол өзін академия құрамынан шығаруды сұрап, содан бері ағылшын командасының жаттығуларына қатыспаған.

Айта кетейік, 16 жастағы талантқа «Реалдан» бөлек, «Барселона», ПСЖ және «Бавария» клубтары да қызығушылық танытқан.