Ризабек Айтмұхан жарысты мерзімінен бұрын аяқтады

ҚР ҰОК
Будапешттегі еркін күрес бойынша рейтингтік турнирде ең көп күтілген белдесулердің бірі өтпейтін болды. 97 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан өкілі Ризабек Айтмұхан Словакиялық Батырбек Цакуловқа қарсы жартылай финалдық белдесуге шықпады.
Қазақстан күрес федерациясының мәліметінше, бұған тізе жарақаты себеп болған. Осыған байланысты Айтмұхан қола жүлде үшін белдесуге де қатыспай, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Жартылай финалға дейін қазақстандық балуан екі күрделі кездесу өткізді. 1/8 финалда ол грузиялық Андро Маргишвилиді 6:5 есебімен әрең жеңсе, ширек финалда Түркияның 2020 жылғы Еуропа чемпионы Сулейман Караденизді 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, Айтмұхан мен Бахрейн атынан сынға түсетін Олимпиада чемпионы Ахмед Тажудинов арасындағы финалдағы көптен күткен кездесу өтпейтін болды.