Роберт Левандовски «Чикаго Файр» клубының ойыншысы атанады

Фото: instagram.com/_rl9
Роберт Левандовски еркін агент ретінде америкалық «Чикаго Файр» футбол клубына ауысады.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романо атақты поляк шабуылшысының MLS лигасына трансферін өзінің дәстүрлі «Here we go!» сөзімен растады.
Итальяндық журналистің хабарлауынша, тараптар арасында ауызша келісімге қол жеткізілген. Левандовски келесі аптаның басында келісімшартқа қол қояды деп күтілуде. Сондай-ақ, екі апта бұрын шабуылшы Чикаго қаласына барғаны айтылды. Поляк сұрмергені «Барселонадан» кетіп, АҚШ-қа еркін агент мәртебесінде ауысуда. Ойыншы үшін күресте «Чикаго Файр» бірнеше бәсекелесті артта қалдырған.
37 жастағы шабуылшы үшін бұл оның жарқын мансабындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ.
Айта кетейік, Роберт Левандовски «Барселона» сапында төрт маусымда (2022/23, 2023/24, 2024/25, 2025/26) Испания чемпионатында 134 матч өткізіп, 83 гол соққан.