Роберто Карлостың ислам дінін қабылдауы мүмкін екені айтылды

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Мадридтік «Реал» мен Бразилия құрамасының бұрынғы қорғаушысы Роберто Карлос ислам дінін қабылдаған болуы мүмкін.

Бұл туралы Әділет және даму партиясының өкілі, түркиялық саясаткер Али Шахин мәлімдеді.

Шахиннің айтуынша, бұл ақпаратпен оған бұған дейін аты аңызға айналған бразилиялық футболшымен байланыста болған шейх Джихад Хаммадех бөліскен. Оның сөзінше, бірнеше апта бұрын Роберто Карлос шейхпен кездесуге өзі барған.

Дәл сол кезде бразилиялық футболшы ислам дінін қабылдаған кезде айтылатын иман кәлимасын шәһаданы айтқан деген ақпарат тарады.

«Шейх Джихад Хаммадех маған Роберто Карлоспен ұзақ уақыт бойы байланыста болғанын айтты. Шамамен төрт апта бұрын футболшы оның қасына келіп, шәһада айтып, ислам дінін қабылдаған. Роберто Карлосты құттықтап, оған және отбасына бейбітшілік, денсаулық пен амандық тілеймін», — деп жазды Шахин.

Сонымен қатар маңызды жайт Роберто Карлостың өзі бұл ақпаратты әзірге көпшілік алдында растаған жоқ. Сондықтан футболшының дінін өзгерткені туралы мәлімет қазіргі таңда мұсылман қауымының өкілдері мен түркиялық саясаткердің мәлімдемесіне негізделіп отыр.

53 жастағы бразилиялық Сухайла Эль-Тахириге үйленген. Оның жарының испан-марокколық тамыры бар. Ол да футбол саласымен байланысты және ФИФА ойыншыларының агенті лицензиясына ие.

Роберто Карлос әлемдік футбол тарихында ең алдымен «Реалдағы» өнерімен есте қалды. Испаниялық клуб сапында ол төрт рет ел чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын үш рет жеңіп алды.

Ұлттық құрамадағы кезеңі де аса табысты болды. 2002 жылы Роберто Карлос Бразилия құрамасымен бірге әлем чемпионы атанды.

Бразилиялық футболшыға түрік футболы да таныс. 2007 жылы ол «Фенербахчеге» ауысып, онда екі маусым өткізді. Осыдан кейін Түркиядағы ойыншылық мансабын аяқтады.

Роберто Карлостың ислам дінін қабылдауы мүмкін екені айтылды – sport-hub