«Ролан Гаррос» – 2026 турнирінің алғашқы жартылай финалисі анықталды

Темирлан Мажекенов ··
Фото: Julian Finney/Staff/Getty Images Sport

Фото: Julian Finney/Staff/Getty Images Sport

Ресейдің бірінші ракеткасы Мирра Андреева бірінші болып Франция ашық чемпионатының жартылай финалына шықты.

Ширек финалда жарысқа сегізінші нөмірмен тіркелген Андреева румыниялық Сорана Кырстяны (18-орын) 6:0, 6:3 есебімен ойсырата жеңді. Кездесу 56 минутқа созылды.

Осылайша, Андреева мансабында екінші рет «Ролан Гарростың» жартылай финалында ойнамақ. 19 жастағы ресейлік теннисші финал жолдамасы үшін украиналық Элина Свитолина (7) мен Марта Костюк (15) арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Еске салайық, биылғы маусымда топырақ төсенішіндегі «Үлкен дулыға» турнирінің жалпы жүлде қоры 72 811 352 долларды (шамамен 34,05 миллиард теңге) құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда жүлде қоры рекордтық 9 478 131 долларға (шамамен 4,43 миллиард теңгеге) артқан.

«Ролан Гаррос» – 2026 турнирінің алғашқы жартылай финалисі анықталды – sport-hub