Роналду 981-голын соғып, «Әл-Насрға» жеңіс сыйлады

Фото: Getty Images
Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы Азия чемпиондар лигасының элиталық кезеңіндегі екінші турда Өзбекстанның «Нефтчи» командасын 3:1 есебімен жеңді. Эр-Риядта өткен кездесуде 41 жастағы Криштиану Роналду да гол соқты.
Сауд Арабиясының астанасындағы қауіпсіздікке төнген қатерге байланысты матч жоспарланған уақыттан кеш басталды. Алайда ойыншылар алаңға шығып, алаң иелері бірден бастаманы өз қолдарына алды.
33-минутта бразилиялық жартылай қорғаушы Анжело Габриэл есеп ашты. Ал 42-минутта Садио Маненің пасынан кейін Айман Яхья допты кеудесімен Роналдуға ыңғайлап тастады. Португалиялық шабуылшы бұрылып соққы жасап, есепті 2:0-ге жеткізді.
Бұл Роналдудың кәсіби мансабындағы 981-голы болды. Енді бес дүркін «Алтын доп» иесіне мансабындағы 1000 голдық межеге жету үшін тағы 19 доп соғу қажет.
Екінші таймның 51-минутында Әлішер Одилов есеп айырмасын қысқартты. Алайда 65-минутта «Нефтчи» ойыншысы Икромжон Әлибаев Мұхамед Симаканға қарсы дөрекі ойнағаны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Сан басымдығын пайдаланған «Әл-Наср» кейін есеп айырмасын қайта екі голға жеткізді. Қорғаушы Анваржон Гафуровтың сәтсіз әрекетінен кейін доп өз қақпасына кіріп, матч 3:1 есебімен аяқталды.
Азия чемпиондар лигасы. Элиталық кезең. 2-тур
«Әл-Наср» (Эр-Рияд, Сауд Арабиясы) – «Нефтчи» (Ферғана, Өзбекстан) – 3:1 (2:0)
Голдар: Анжело Габриэл (33), Криштиану Роналду (42), Анваржон Гафуров (автогол) – Әлішер Одилов (51).
Қызыл қағаз: Икромжон Әлибаев («Нефтчи», 65).
Осылайша, «Әл-Наср» алғашқы турда «Әл-Айннан» 0:4 есебімен жеңілгеннен кейін жеңіске жетіп, турнирдегі алғашқы үш ұпайын еншіледі.
Екі турдан кейін саудиялық клуб Батыс аймағының турнир кестесінде сегізінші орында тұр. Ал бұған дейін Ирактың «Әл-Кува әл-Джавия» командасын 1:0 есебімен жеңген «Нефтчидің» де үш ұпайы бар. Өзбекстандық клуб жетінші сатыда орналасқан.
Азия чемпиондар лигасындағы келесі матчта «Әл-Наср» 26 қазанда БАӘ-нің «Әл-Васл» командасымен кездеседі. Сол күні «Нефтчи» өз алаңында Сауд Арабиясының «Әл-Иттихад» клубын қабылдайды.