Роналду Мессиді үйлену тойына шақырды ма? Жұлдызды қонақтардың есімдері белгілі болды

Фото: Getty Images
Криштиану Роналду мен Джорджина Родригестің бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан үйлену тойы жақын арада өтуі мүмкін.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, салтанатты шараға әлемдік спорт жұлдыздарының көптеп қатысуы күтілуде.
Журналист Эсебонья Луистің мәліметінше, тойға Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси мен бразилиялық шабуылшы Неймар шақырту алған. Бұған дейін құрметті қонақтардың қатарында UFC-дің бұрынғы чемпионы Хабиб Нурмагомедов те болатыны хабарланған еді. Ресейлік спортшы мен португалиялық футболшының арасында бұрыннан достық қарым-қатынас бар.
Британиялық The Sun басылымының мәліметінше, үйлену тойы 8 тамызға жоспарланған. Салтанатты шара өтетін орын ретінде Роналдудың туған жері – Мадейра аралы таңдалған. Егер бұл ақпарат расталса, неке қию рәсімі Фуншал қаласындағы кафедралды соборда өтіп, кейін жас жұбайлар қонақтарымен бірге бес жұлдызды қонақүй кешендерінің бірінде мерекені жалғастырады.
Басылым дереккөзі қонақүй басшылығы қауіпсіздік шараларын алдын ала күшейткенін хабарлаған. Қонақтарға мереке кезінде бірнеше қабат пен қоғамдық орындардың бір бөлігі уақытша жабылатыны ескертілген.
Роналду мен Джорджинаның махаббат хикаясы 2016 жылы басталған. Осы уақыт ішінде олар әлемдік спорттағы ең танымал жұптардың біріне айналды.
Олардың ресми түрде құда түскені өткен жылдың жазында белгілі болды. Сол кезде Родригес әлеуметтік желідегі парақшасында үлкен гауһар тасы бар жүзігін көрсеткен еді. Кейін футболшы әлем чемпионаты аяқталмайынша үйлену тойын өткізбейтінін айтқан болатын.
Енді британдық БАҚ бұл рәсімнің жақын күндері өтетінін хабарлап отыр. Алайда ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.