Басты бет
·
Футбол

Роналду өзін футбол тарихындағы үздік ойыншы санайтынын түсіндірді

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

«Әл-Наср» клубының португалиялық шабуылшысы Криштиану Роналду соққан голдарының саны оны футбол тарихындағы ең ұлы ойыншы деп санауға жеткілікті деп есептейді.

Сонымен қатар 41 жастағы форвард кәсіби мансабындағы голдар санын 1000-ға жеткізуді басты мақсатына айналдырмағанын мойындады.

CNN арнасына берген сұхбатында португалиялық футболшы қазіргі ойын деңгейі мен нәтижелілігіне лайықты баға берілмей жүргенін айтты.

«Қазіргі формам мен соққан голдарым, өкінішке қарай, тиісті бағасын алып жатқан жоқ. Бәрі өз ретімен болғаны дұрыс. Егер менің еншімде 925 немесе 930 гол болса, өзімді тарихтағы ең үздік ойыншы санауға осының өзі жеткілікті. Статистика бәрін айтып тұр. 1000 гол соғу керемет болар еді, бірақ мен алысқа жоспар құрмаймын», – деді Роналду.

Ал португалиялық шабуылшы голдар санын арттыруды жалғастырып келеді. Сауд Арабиясы чемпионатының кезекті матчында ол «Әл-Насрдың» сенімді жеңісіне үлес қосып, бірінші таймда гол соқты.

23-минутта Кингсли Коман жылдам шабуыл ұйымдастырып, қақпаға соққы жасады. Қарсылас қақпашысы допты қайтарғанымен, Роналду допқа бірінші жетіп, оны қақпаға бағыттады.