Роналдудың хет-тригі «Әл-Насрға» жеңіс сыйлады

Фото: alnassr / Instagram
Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы ұлттық чемпионаттың 12-туры аясында «Әл-Холудты» 5:3 есебімен жеңді.
Кездесудің басты қаһарманы Криштиану Роналду болды. Португалиялық шабуылшы хет-трик жасап, кәсіби мансабындағы голдарының санын 985-ке жеткізді.
Эр-Риядтағы «Әл-Әууәл» стадионында өткен матч қонақтардың пайдасына басталды. 16-минутта Жюльен Домингес есеп ашты. Алайда сегіз минуттан кейін Габриэл Анжело таразы басын теңестірді. Ал 38-минутта Садио Мане алаң иелерін алға шығарды. Бірінші таймның қосымша уақытында Лоик Эссомба есепті 2:2-ге жеткізді.
Үзілістен кейін Криштиану Роналду өз шеберлігін көрсетті. Ол 66-минутта командасын қайтадан алға шығарса, араға алты минут салып есеп айырмасын ұлғайтты. Ал 81-минутта хет-трик авторы атанды. Кездесудің 90+4-минутында Домингес тағы бір гол соққанымен, бұл жеңімпазды өзгерте алмады.
41 жастағы португалиялық футболшы үшінші голын соғу арқылы кәсіби мансабындағы 985-голына қол жеткізді. Енді тарихи 1000 голдық межеге жету үшін оған тағы 15 доп қажет.
Сауд Арабиясы чемпионаты. 12-тур
«Әл-Наср» – «Әл-Холуд» – 5:3
Голдар: Домингес 16 (0:1), Анжело 24 (1:1), Мане 38 (2:1), Эссомба 45+ (2:2), Роналду 66 (3:2), Роналду 72 (4:2), Роналду 81 (5:2), Домингес 90+4 (5:3).
Бұл жеңістен кейін «Әл-Наср» 28 ұпай жинап, турнир кестесіндегі екінші орнын сақтап қалды. Ал «Әл-Холуд» 12 ұпаймен оныншы сатыда келеді.