Руне мен Дрейпер 2026 жылғы US Open турниріне қатыспайды

Фото: Getty Images
2026 жылғы АҚШ ашық чемпионаты Хольгер Руне мен Джек Дрейперсіз өтеді.
Екі теннисші де маусымның соңғы «Үлкен дулыға» турнирі басталғанға дейін жарақатынан толық айығып үлгермеді.
Даниялық теннисші Руне жарысқа қатыспайтынын өзі растады. Оның айтуынша, командасымен ақылдаса келе, кортқа қайта оралуын кейінге қалдырып, маусымды бірден «Үлкен дулыға» турнирінен бастамау туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар спортшы жақын арада жарыстарға қайта оралуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Руне соңғы ресми матчын өткен жылдың қазан айында өткізген. Стокгольмдегі турнирде даниялық теннисші ахилл сіңірінен жарақат алып, ұзақ уақытқа қатардан шықты. Қазір 22 жастағы спортшы ATP рейтингінде 102-орында тұр. Ол мансабында ATP турнирлерінде бес рет чемпион атанған.
Дрейпер де әзірге толыққанды жарыстарға оралуға дайын емес. Британдық теннисшінің америкалық турнирді өткізіп алатынын журналист Михал Самульски хабарлады. Дрейпер қолындағы жарақатынан кейін қалпына келу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұл жарақат британдық спортшыны 2025 жылдан бері мазалап келеді және бірнеше рет жарысты мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр етті. Қазіргі таңда Дрейпер ATP рейтингінде 143-орында орналасқан.
Еске салайық, бұған дейін әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнердің де турнирден бас тартқаны белгілі болған.